БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ СУИЦИДТІҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ
Кеше ғана жарқын күн күлімдеп, бау-бақшада құстар сайрап, өмір маған қызықты да әсем ертегідей еді... Кенеттен көңіліме бұлт торлап, қандайда бір көңіл толмаушылық, реніш, себепсіз ашу кернеп, көңіл-күйім түсіңкі, өзімнің ешкімге керек еместігімді сезіндім..
Міне осылай адам бойындағы депрессия кенеттен пайда болып, кейде өте ұзақ жалғасуы мүмкін. Ол бірден тез өтіп кетеді, не болмаса терең де созылмалы түрде болады. Қандай жағдайда да депрессия - түрлі эмоциялар, елестетулер, еске алулар мен ойлардың жиынтығы. Әдетте, депрессияны бойынан кешіретін адам оның не себептен екендігін анықтай алмай әлек болады Депрессиялық жағдайға түскен адам жиі агрессиялы (ұрысқа, қақтығысқа бейім) болады. Сонымен бірге, оның агрессиясы бірінші кезекте өзіне, содан соң жақынына және қоршаған ортасына бағытталады. Көп жағдайда жақындары немесе қоршаған ортасы оның бойындағы өзгерістерді түсінбейді де, қабылдай да алмайды. Ал бұл оны көптеген тығырыққа тіреп, соңы суицидке әкеліп соғуы мүмкін. «Суицид» латын тілінен алынған «өзін-өзі өлтіру, өзіне қол салу» деген мағынаны білдіреді. Тағы бір синонимдік мағынасы - қасақана өз өмірін қию. Қазіргі таңда өзіне-өзі қол салу мінез-құлқы біржақты патологиялық тұрғыдан қарастырылмайды. Бұл әрекет көп жағдайда есі дұрыс адамның мінез-құлқы. Сонымен бірге, өзіне-өзі қол салуға қатысты әрекет.
Жасөспірім кезеңде суициалдық мінез-құлықтың кейбір өзгешеліктері болады. Жасөспірімдер арасында ересектерге қарағанда өзін-өзі өлтіруге әрекет жасау жиі кездеседі. Бірақ олардың азғана бөлігі өздерінің қойған мақсатына жетеді. Суициалдық мінез-құлық бұл жаста көп жағдайда демонстративтік сипат, сонымен бірге байбаламдық сипат алады. Психолог-ғалым А.Е.Личконың көрсеткеніндей, тек қана жасөспірімдердің 10 пайызы шынайы өлгісі келетін ниет білдірсе, ал 90 пайызы көмекке шақырған жан-айқайы болып есептелінеді.
Міне, осы жағдайлардың барлығында психолог пен отбасының көмегі қажет. Өкінішке орай, көпшілік психолог қызметінің не екендігін және оның не үшін қажеттігіне мән бере бермейді. Психологты көп жағдайда психиатрмен шатастырады, сондықтан да оның алдына баруға ұялады.
Ал бұл екеуінің арасындағы айырмашылық бар. Қарапайым сөзбен айтқанда, психиатр ауруларды емдейді, ал психолог – психикалық тұрғыдан сау адамдарды. Дегенмен, депрессиялық жағдайда адамға көбінесе отбасы мүшелерінің шынайы қамқорлығы, жақындығы, түсіністігі мен демеуі қажет. Осы жағдайда мектеп балаға қандай көмек бере алады? Мектеп психологы – бұл кешегі мұғалім, бүгінгі – жас маман. Психологиялық қызметтің мазмұнын түсініп, игерген адам оны жақсы меңгеріп кетуі ықтимал.
Мауленбаева Жадыра. Педагог-психолог.
ҚИЫН БАЛАЛАРДЫ ҚАЙТА ТӘРБИЕЛЕУ ЖӘНЕ КОРРЕКЦИЯЛАУ ЖОЛДАРЫ
Адамның баласын заман өсіреді. Кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі" деп Абай атамыз айтқандай, бала тәрбиесіне бәріміз: мектеп, ұстаз, қоршаған орта, қоғам жауаптымыз.
Ата-бабаларымыз бізден бұрын бала психологиясын танып, адамның жан дүниесіне үңіле білген. Мысалы, "Баланды 5-7 жасқа дейін патшадай сыйла, 10-15-ке дейін құлша жұмса, 15-17 жасынан ақылға -ақыл қосар дос, жолдасыңдай сыйла" деген ғибраты баланың даму психологиясын жас ерекшеліктеріне қарап, сипаттап, саптап бөліп қойғандай. Осы кезеңдердің бірінен аттап кетсек тәрбиенің күрт бұзылуы даусыз. Ал, бұл қасиет дәл қазіргі уақытта бізге өте қажет: баланың ішкі дүниесіне үңіле білу, жан – сезімін түсіну, ұғыну, оған көмектесу.
Орта білім дамыту тұжырымдамасында "Қоғамымыздың ірге тасын нығайту мақсатында ең алдымен адамгершілік, ізгілік, имаңдылық тәрбиесін көркейту керек" делінген. Сондықтан қоғам талабына сай психология, педагогика ғылымдарының жетістіктерін пайдалана отырып, дені сау, ұлттық сана-сезімі жоғары рухани ойлау дүниесі биік, мәдениетті, (еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттері қалыптасқан Қазақстан азаматын тәрбиелеу баршамыздың міндетіміз.
|